НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Алматыда Түрксіб ауданы полиция басқармасы басшысының орынбасары Танат Назанов қайтыс болды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпарат бойынша, Түрксіб ауданы полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Танат Назанов инфарктан қайтыс болған.
"Ол жұмыс орнында көз жұмды", - делінген хабарламада.
Ведомство Танат Назановтың өмір бойы жедел бөлімшелерде жұмыс істегенін атап өтті. Бұған дейін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын басқарған.
Бұған дейін Жамбыл облысы полиция департаментінің басшысы, генерал Жанат Сүлейменов көз жұмғаны хабарланды. Кейбір БАҚ ақпаратынша, генерал өз-өзіне қол жұмсаған.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Азамат Ибраев өлі табылды. ҰҚК мәліметінше, оның денесі үйінің ауласынан табылған. Сотқа дейінгі тергеу басталды.