НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Шетелде жүрген отандық туристер Нұр-Сұлтан әуежайы арқылы елге оралады. Алматының әуе айлағы әзірге азаматтық рейстерді қабылдамайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматы әуежайында қалпына келтіру жұмыстары жүріп, шығын есептеліп жатыр. Әуежай 10 қаңтарда жұмысын бастауы мүмкін екені айтылған еді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, БАӘ, Шри-Ланка, Таиланд, Мальдив және Гоада жүрген отандық туристер Қазақстанға елордалық әуежай арқылы жеткізіледі. Еске салсақ, кейбір елдерге әуе рейстері тек Алматы әуежайынан орындалған еді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, мәдениет және спорт министрлігі, әуе компаниялары, әуежайлар өкілдері, "ҚТЖ" компаниясы мен Қазақстан туроператорлар қауымдастығының басшылығы қатысқан кеңейтілген кеңестің қорытындысы бойынша шет елдерге демалысқа кетіп, Алматы әуежайы жұмысының тұрақсыздығына байланысты елге орала алмай отырған қазақстандықтарды эвакуациялау кестесі әзірленеді.
Кеңесте рейстерді ұйымдастыруға тартылған барлық қатысушының өзара іс-қимылы пысықталды.
"ҚТЖ" компаниясының басшылығына пойыздарды жасақтау кезінде жолаушыларды қайтару кестесін ескеру және оларға барынша көмек көрсету тапсырылды.