НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті жаппай тәртіпсіздік пен террористік актіге қатысқандарды ұстау және қылмыстардың себебін анықтау бойынша кешенді іс-шара жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлады ведомство.
Нәтижесінде 2022 жылдың 4 мен 8 қаңтар аралығында Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатынасқан 2 экстремистік топ құрықталды.
9 қаңтарда экстремистік әрекетке алдап-арбау, экстремистік ұйымға басшылық ету және оған қатысу, сондай-ақ жаппай құқыққа қайшы акцияларды жүргізді деген күдікпен бір ұяшықтың 4 мүшесі ұсталды.
Тұрғылықты мекен-жайын тексеру барысында атыс қаруы, жарық дыбыс гранаталары, оқ-дәрілер және діни әдебиеттер заттай айғақ ретінде тәркіленді.
Ұйым жетекшісі халықаралық террористік ұйыммен байланысы бар, жаппай тәртіпсіздікке белсенді түрде атсалысқан шетел азаматы болып шықты.
Тергеу тұжырымы бойынша ол Қазақстанға жаппай құқыққа қайшы акцияларды дайындап, сондай-ақ билік органдары мен қарулы құрылымдарға шабуыл жасау үшін келгендігі анықталды.
Оның сыбайластарын іздестіру ұйымдастырылды.
Тергеу мүддесіне сәйкес кейбір ақпараттарды жариялау әзірге мүмкін емес.
Жедел және тергеу шаралары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар ҰҚК кейбір БАҚ-та және әлеуметтік желілерде тараған ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінен қару-жарақтар, оқ-дәрілер, басқа да мүліктер ұрланғаны жайлы ақпаратты жоққа шығарды.
Террористік қауіптің "қызыл" деңгейінің талаптарына сәйкес, департамент күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда.
Оқи отырыңыз: Лаңкестер төңкеріс жасауды көздеді – мемлекеттік хатшы