НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұймының бітімгерлік миссиясының мерзіміне қатысты пікір білдірді.
"Жағдай тұрақталған соң, ҰҚШҰ миссиясы аяқталады. Олардың біреуі де елде қалмайды. ҰҚШҰ жалғыз Ресей емес, оған биыл төрағалық етіп отырған Армения бар, Беларусь пен Тәжікстан да бар. Олардың әскері көп тұрақтамайды, ары кетсе, бір аптаның көлемінде, тіпті, оған да жетпей, барлығы қайтарылады. Қазір жағдай тұрақталып келе жатыр. Конституциялық заңдылық барлық жерде орнады", - деді Уәли "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында.
Осы орайда Уәли ҰҚШҰ бітімгерлік күшінің миссиясы - тек стратегиялық нысандарды күзету екенін атап өтті. Ал өз әскеріміз барлық күшін лаңкестерді жоюға салады.
"Біздің стратегиялық нысандарымызды ҰҚШҰ әскері қорғағанда өз әскеріміз барлық күшін террористердің көзін жоюға салды. Біз үшін бұл үлкен көмек болды", - деп атап көрсетті Уәли.