Өңірлер

Таразда облыстық әкімдікті өртегендер ұсталды

Жалпы алғанда өңірде жағдай тұрақты. Тұрғындарға коменданттық сағатты қатаң ұстану ескертілді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Таразда өткен түні 14 адам ұсталды. Олардың төртеуі облыстық әкімдікті өртеуге қатысқан.
Бүлікшілерден екі Калашников автоматы мен оқтар тәркіленді. Өңірде арнайы операция жалғасып жатыр.
Он шақты бүлікшінің көзі жойылды. 153 адам ұсталды. Ауруханаға 280 зардап шеккен адам жүгінді. Оның 38-і ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады Хабар 24.
Жалпы алғанда өңірде жағдай тұрақты. Тұрғындарға коменданттық сағатты қатаң ұстану ескертілді.
8 қаңтарда Таразда арнайы операция кезінде 6 лаңкестің көзі жойылды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
6 қаңтарда Таразда Nur Otan партиясы филиалының ғимараты толығымен жанып кетті. Орталық алаңдағы Nur Otan партиясы филиалының үш қабатты ғимараты толығымен жанып кеткен. Жанындағы басқа әкімшілік ғимараттар сау. Ал әрірек орналасқан жеті қабатты облыстық әкімдіктің сол жақ бөлігі өртенген.