НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтан полициясы тұрғындарды үйде болуға және балаларды далаға жалғыз шығармауға шақырды.
Қалалық полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов елордада жағдай тұрақты екенін атап өтті.
"Қала толық бақылауда. Блок бекеттер жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық тәртіпті бұзушыларды анықтау мақсатында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде", - деді полиция басшысы.
Сондай-ақ аула мен үйлерді аралау жұмыстары жүргізілуде. Астаналықтардан үйде отыруды, балалардың жүрген жерін қатаң бақылауды, күдікті адамдар анықталған жағдайда полицияға хабарлауды сұрайды.
Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтанда коменданттық сағат 23:00-ден 7:00-ге дейін жұмыс істейді.