НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі академиясының екі офицер-оқытушысы мен үш курсанты террорлық шабуыл кезінде қаза тапты, деп хабарлады ҰҚК.
Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаментінің екі қызметкері көз жұмған.
"Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтар айындағы оқиғалар салдарынан қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына, туған-туысқандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Біз осы ауыр және орны толмас қазаның қайғысына ортақпыз", -делінген ҰҚК хабарламасында.
Қаза болғандардың арасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара академиясы кафедрасының басшысы Андрей Кабдинов, шекара академиясының аға офицері Жандос Жағалбаев, курсанттар Мейірхан Бітім, Жайық Әділхан, Дәулет Жұпарбеков бар.
Қызметтік борышын атқару кезінде Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД терроризмге қарсы орталығының бөлім басшысы Дастан Әділбай, әскери қарсы барлау бөлімі, әуе қорғаныс күштерінің жедел уәкілі Әділ Нұркенов қаза тапты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлмира Әбішева әлеуметттік желідегі парақшасында курсанттардың бірі Мейірхан Бітім туралы жазды.