Өңірлер

Тәртіпсіздік белең алған өңірлерде не болып жатыр

Шымкентте ұсталған ойрандаушылар тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ақша алғанын, сонымен қатар энергетикалық сусындар берілгенін мойындады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. Тәртіпсіздіктер болған өңірлерде жағдай біршама тұрақталған. Алайда қауіп сейілген жоқ.
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Талдықорғанда жағдай бірте-бірте тұрақталып, арнайы жасақ қаланың барлық әлеуметтік нысанын күшейтілген күзетке алғанын баяндады. Қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды, ірі супермаркеттер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылды, деп хабарлады "Хабар 24".
Әкім өңірде лаңкестікке қарсы штаб құрылғанын, жарық пен су үзіліссіз беріліп жатқанын айтты. Ол тұрғындардан қауіп әлі сейілмегендіктен үйден шықпауды сұрады.
Ал бүгін түске таман Талдықорғандағы тергеу изоляторына шабуыл жасалды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қару ұстаған 15 адам тергеу изоляторын басып алмақ болған. Бандиттердің шабуылына тойтарыс берілді: үшеуі өліп, екеуі жараланды. Полицейлер де шығынға ұшырады. Біреуі қаза тапты, екеуі жараланды. Қазір тергеу изоляторында тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр.
Семейде лаңкестікке қарсы операция жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов. Қаладағы жағдай тұрақтанып келеді.
Шымкентте ұсталған ойрандаушылар жауап бере бастады. Олар тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ақша алғанын, сонымен қатар энергетикалық сусындар берілгенін, одан кейін "бақылауды жоғалтып алғандарын" айтты, деп хабарлады қала әкімдігі.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірдегі ахуал тұрақталғанын мәлімдеді. Павлодар – наразылардың әкімдік ғимаратына басып кірмек болған әрекеті толығымен сәтсіз аяқталған қалалардың бірі.
"Павлодар облысының аумағында бірде-бір тонау фактісіне жол берілген жоқ", - деді облыс әкімі.