НҰР-СҰЛТАН, 7 қаңтар – Sputnik. Қазақстан билігі Қырғызстанмен шекарадағы тағы үш бекетті жапты. Бұл туралы Қырғызстан республикасының ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі хабарлады.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақ-Жол", "Ақ-Тілек" және "Қарқыра" бекеті арқылы азаматтар мен көліктер үшін кіріп-шығу тоқтатылды.
Бұған дейін Қазақстан тарапынан бірыңғай ақпараттық жүйенің істен шығуына байланысты "Кен-Булун" мен "Токмок" бекеттері уақытша жабылған болатын.
"Екі ел арасындағы шекарада көлік пен азаматтардың шоғырлануы байқалмайды. Шекара бекеттеріндегі жағдай тұрақты", - делінген хабарламады.
7 қаңтар, 12.00-дегі жағдай бойынша, қазақ-қырғыз шекарасындағы "Чалдыбар мен "Чон-Капка" бекеттері жұмыс істеп тұр.