Экономика

Қазақстанда барлық қаржы ұйымының қызметі уақытша тоқтатылды

5 қаңтарда интернет нашар жұмыс істегендіктен, қоғамдық көлікте төлем жасау қиындап, карта арқылы ақша қабылдайтын терминалдар істен шықты. Тұрғындар банкоматтан қолма-қол ақша алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар - Sputnik. Қазақстанда барлық қаржы ұйымының қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасының эфирінде Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов хабарлады.
"6 қаңтардан бастап барлық екінші деңгейлі банк пен қазақстандық қор биржасының жұмысы тоқтатылады", - деді Рамазанов.
Ол мұндай шешімді қабылдау кезінде Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі интернет желісінің уақытша істен шығуын ескергенін айтты. Сондай-ақ, қаржы институттары қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылдаған.

Қазақстандағы төтенше жағдай

Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні Қазақстан төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, төтенше жағдай 5 қаңтардан бастап 19 қаңтар аралығында Алматы, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Атырау, Батыс-Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалалар – Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте жарияланып отыр.
Төтенше жағдай кезінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізіледі.
Наразылықтарға байланысты кеше, 5 қаңтарда интернет болмағандықтан, қоғамдық көлікте төлем жасау қиындап, карта арқылы ақша қабылдайтын терминалдар істемей қалған еді. Тұрғындар банкоматтан қолма-қол ақша алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрды.
Айта кетері, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев террористік қауіпке байланысты ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік кеңесінен көмек сұрады.
ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік кеңесі жағдайды тұрақтандыру үшін Қазақстанға бітімгерлер жіберу туралы шешім қабылдады. ҰҚШҰ контингенті Қазақстанға шектеулі мерзімге әкелінеді, деп мәлімдеді Армения премьер-министрі, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қазіргі төрағасы Никол Пашинян.
Айта кетері, бұған дейін мемлекет басшысы "бұл террористік қаскөйлер шетелде жақсы дайындалғанын, олардың Қазақстанға шабуылын агрессия акті деп қарау керектігін" мәлімдеген болатын.