НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда сегіз адамнан коронавирустың "омикрон" штамы табылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомство ақпаратынша, 6 қаңтарда Нұр-Сұлтанда Ұлттық сараптама орталығы филиалының молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасы 96 оң сынаманы толық геномдық секвенирлеуді аяқтады.
"Генотиптеу нәтижесі бойынша 8 (8,3%) сынамада коронавирустың Omicron жаңа штамы анықталды. Соның ішінде Алматы қаласында – 7 және Нұр-Сұлтан қаласында – 1", - делінген хабарламада.
Сынамалардың 71%-інде "Дельта", 16%-інде "Дельта плюс", ал 4,7%-інде коронавирустың басқа штаммдары табылды.
"Омикрон" штамының ерекшелігі – жұқпалығы (таралу коэффициенті 1:5 тең) мен қайта жұқтыру қаупі жоғары. "Омикрон" жоғарғы тыныс жолдарында (бастапқыда вирус дәл осы жерге кіреді) "Дельта" штамына қарағанда 70 есе жылдам көбейеді.
Денсаулық министрлігі инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы вакцинация және ревакцинация екенін атап өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 6 қаңтардағы жағдай бойынша әлемнің 126 елінде "Omicron" SARS-CoV-2 штаммы анықталды.