НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдайлар режимі енгізілді, деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ерекше режим Қылмыстық-атқару кодексінің 101-бабы, сондай-ақ "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" заңның 46-бабы негізінде төтенше жағдай аяқталғанша, яғни 19 қаңтар 00 сағат 00 минутқа дейін енгізіліп отыр.
"Осы кезең аралығында қылмыстық атқару жүйесі бөліністерінің ішкі күн тәртібі уақытша өзгертіледі. Еліміздегі жағдайды ескере отырып, Қылмыстық-атқару кодексінің 105 және 113-баптарында көзделген сотталғандардың, сондай-ақ тергеудегілердің құқықтарын іске асыруда уақытша шектеу шаралары қабылданады", - делінген ресми хабарламада.
Ал сәлем-сауқаттар заңнамада белгіленген тәртіппен жеткізіледі.
Сондай-ақ Қылмыстық атқару кодексінің 143-бабы 9-бөлігіне сәйкес, қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандар жұмысқа орналасқан ұйымдардан кері шақыртылып, мекеме аумағында жүреді.
"Барлық мүдделі адамдарды осы шараларға түсіністікпен қарап, шектеу шаралары аяқталғанға дейін сабыр сақтауын сұраймыз. Сонымен қатар тек ресми түсініктемелерге сүйенуді және жалған ақпарат таратпауды ескертеміз", - делінген хабарламада.
ҚАЖ мекемелерінің ішкі тәртібіне сәйкес, ерекше жағдайлар режимін енгізуге байланысты сотталғандарға туыстарымен кездесуге рұқсат етілмесе, пайдаланылмаған күндер сақталып, кейінірек беріледі.