НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Жиында еліміздің тұрақтылығын шайқалтпақ болған террористік және қылмыстық әрекеттермен күрес мәселелері талқыланды.
Тоқаев қалыптасқан жағдайдың қиындығын атап өтіп, бірқатар жедел шара қабылдау қажет екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстанға нағыз террористерді айдап салған күштерді атады.
"Осыған байланысты біз оларға тойтарыс беру үшін террористерге қарсы операция жүргізуіміз қажет. Мен террористерге қарсы штабты басқарамын. Бұзақылар жасаған террористік актінің ұйымдастырушылары – нағыз террористер. Олардың қазіргі уақытта Алматы мен басқа да қалалардағы істеп жатқан жүгенсіздігі бізге белгілі. Инфрақұрылымдарды, ең бастысы, қару-жарақ сақталған қоймаларды басып алуда. Училище курсанттарымен ұрыс жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта Алматының түбінде Қорғаныс министрлігінің әуе-десант бөлімшелері ұрыс жүргізуде", – деді Президент.
Президент аталған террористік топтардың, шын мәнінде, шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористер екенін және олардың Қазақстанға жасаған шабуылын басқыншылық акті ретінде қарастыру қажет екенін айтты.