НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Отбасы, Халық және Kaspi банк елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты уақытылы төленбеген кредит үшін өсімпұл мен айыппұл есептемейді.
"Отбасы банк клиенттеріне 5-19 қаңтар аралығында өсімпұл мен айыппұл есептелмейді", - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
"Біз үнемі клиенттерімізді қолдаймыз. Өсімпұл есептеуді тоқтатып қойдық. Бұл үшін алаңдамауға болады. Қазір бейбітшілік пен қауіпсіздік басты орында", - деді Kaspi банктің баспасөз қызметі.
Халық банктің баспасөз қызметі де мерзімі өткен кредит үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейтінін айтты.
Қазақстанда бір күнге, 6 қаңтарда, екінші деңгейлі барлық банктің қызметі тоқтатылды. Бұл шара қаржылық ұйым қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты интернет жұмыс істемейді. Ел астанасында банкомат алдында ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Бүгін Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер 6 қаңтарда жұмыс істемейтінін хабарлады.