Оқиға

Алматыда қақтығыс кезінде құқық қорғау органдарының 12 қызметкері қаза тапты

Алматыда арнайы операция жалғасып жатыр. Оны жүзеге асыруға террористердің өздерін бейбіт тұрғын ретінде көрсетуі кедергі болып отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Алматыда қақтығыс кезінде құқық қорғау органдарының 353 қызметкері жарақат алды. 12 қызметкер қаза тапқан, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.
Қала комендатурасының мәліметіне қарағанда, басы кесілген бір адамның денесі табылған.

Алматыдағы жағдай

Қалада арнайы операция жалғасып жатыр. Оны жүзеге асыруға террористердің өздерін бейбіт тұрғын ретінде көрсетуі кедергі болып отыр. Оның ішінде әйелдер де бар, деп хабарлады телеарна.
Бұған дейін Алматыдағы митингілер тәртіпсіздікке ұласты. Қалада лаңкестікке қарсы арнайы операция басталды. Ойрандаушылар басып алған қаланың әуежайы босатылды.
"Түнде экстремистік күштер әкімшілік ғимараттарға, Алматы полиция департаментіне, сондай-ақ аудандық басқармалар мен ішкі істер бөлімдеріне басып кіруге әрекеттенді. Ондаған шабуыл жасаушы өлтірілді, олардың жеке тұлғалары анықталып жатыр", - деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ол көзі жойылған қылмыскерлердің нақты санын айтқан жоқ.
Полиция Алматы тұрғындарынан қауіпсіздік мақсатында қала орталығына бармауды сұрады.