НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар - Sputnik. 6 қаңтар таңертең Алматыдағы Республика алаңында бұрынғыдай халық көп емес: мыңдаған наразылық білдіруші емес, бір-екі жүздей жиналды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оларды 50 техника: бронетранспортер, броньдалған машина, "КамАЗ" мінген әскерилер әр жақтан қоршап алды. Алдын ала мәліметке сәйкес, кескілескен атыс болған.
Әскерилер бейбіт тұрғындарды 100 метрге шегінуге мәжбүр етті.
Ойрандатушылар жиналған алаңның дәл ортасынан басқа аумақ толығымен әскерилердің бақылауында. Олар адамдардың әкімдікке немесе президент резиденциясына басып кіруіне жол бермеу үшін ыңғайлы орындарды иемденді.
Sputnik Қазақстан тілшісі түнде өртенген көліктер, жерде жатқан тақтайшалар мен түбімен жұлынып кеткен бағдаршамның жанынан өтті.
Әскерилер бейбіт тұрғындарды алаңнан ығыстыруды жалғастырып жатыр. Олар 200 метрге шегінді, сондықтан тілшіміз естігеніне сүйенеді. Оның хабарлауынша, 30-40 секунд ішінде автоматтан оқ атқан дыбыстар естілді, кейін бәрі тынышталған.