Өңірлер

Сапарбаев тәртіпсіздіктер туралы: полиция көліктерін өртеп, әкімдік ғимаратын зақымдады

Тәртіпсіздіктер кезінде ондаған полиция көлігі аударылды. Облыс әкімінің аппараты орналасқан ғимарат пен Kaspi bank бөлімшесі айтарлықтай зардап шекті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Құрметті жерлестер! Кеше Тараз қаласындағы орталық алаңға жиналған халықтың алдына шығып, сабырлыққа шақырып, заңсыздыққа бой алдырмауға, ортақ диалогқа келуге өтініш білдіргенмін. Алайда, өкінішке қарай, жүздеген жас қаладағы басты көшелермен жүріп өтіп, тәртіпсіздік пен заңсыздыққа, бұзақылық әрекеттерге жол берді", - дейді Сапарбаев.
Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде ондаған полиция көлігі аударылды. Көліктерге өрт қойылды. Облыс әкімінің аппараты орналасқан ғимарат пен Kaspi bank бөлімшесі айтарлықтай зардап шекті.
"Заң, тәртіп сақталу керек! Мемлекет мүлігіне зиян келтіру, қоғамдық тәртіпті бұзу - заңмен қудаланады. Біздің ойымызша, бұзақылық сипаттағы жастар қандай да бір топтың айтағына ергендер. Баршаңызды араңдатушылыққа бой алдырмауға, іріткі салудан аулақ болуға шақырамын! Қандай да бір заңсыз әрекеттердің барлығы үшін жауап беретініңізді қатаң ескертемін!", - деді облыс басшысы.

Қазақстандағы тәртіпсіздіктер

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда наразылықтар кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталғанын мәлімдеді.
Заңсыз әрекет салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкері дене жарақатын алды, 37 қызметтік автокөлік бүлінді.
Ішкі істер органдары халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.