Елорда тынысы

Нұр-Сұлтан тұрғындары автобуста жолақысын төлей алмай жатыр

Елордада интернеттің жұмысындағы ақау салдарынан жол ақысын төлемеген жолаушыларды автобустан түсіріп тастамайды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар — Sputnik. Елорда тұрғындары байланыс және мобильді интернет жұмысындағы ақауға байланысты қоғамдық көлікте QR арқылы жолақысын төлей алмай отыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне City Transportation Systems (CTS) компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
"Бірақ байланыстағы ақау салдарынан көп жолаушы жолақысын төлей алмай жатыр. Біз 109 қызметімен бірлесіп белсенді жұмыс атқарып жатырмыз. QR арқылы жолақысын төлей алмай жатқаны туралы шағым түсе салысымен жүргізуші және көліктегі бақылау қызметкерлерімен байланысып, жолаушыларды автобустан түсірмеу туралы ескертіп отырмыз", - деді Науат Азанбаева.
Сондай-ақ, ол Нұр-Сұлтанда жолаушылардың 52%-і жол ақысын көлік картасымен, 48%-і QR арқылы төлейтінін айтты.
5 қаңтарда 40%-тен астам жолаушы жолақысын төлей алмаған. CTS баспасөз хатшысы "уақыт өткен сайын QR арқылы жол ақысын төлей алмағандар саны артып жатқанын" айтты.