Саясат

Тоқаев үкіметтің отставкасын қабылдады

Әлихан Смайылов премьер-министрдің міндеттерін уақытша атқарады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.
"Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын", - делінген Ақорданың сайтында жарияланған құжатта.
Қазақстан премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.
Үкімет мүшелері үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

Халық наразылық білдірді

Еске сала кетсек, екінші қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шықты. Оған автокөлікке құятын газдың құны литріне 120 теңгеге дейін өскені себеп болған. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалатынын мәлімдеді. 
Сондай-ақ Ақтөбе әкімдігі де наразылық білдіргендердің екі талабы - митинг барысында қамауға алынғандар босатылып, сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін арзандатылғанын хабарлады.
Басқа өңірлерде де митингілер өтті. Ал Алматыда наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар бірнеше полиция көлігін қиратты. Тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газды қолданды. Қала әкімдігінің ғимаратын арнайы жасақ қызметкерлері қоршауға алды.

Тоқаев мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды. 
"Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек", - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші қаңтарда осы мәселеге қатысты арнайы жиналыс өтетінін, барлық заң аясындағы өтініштер мен талаптар ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.
Оқи отырыңыз: Президент Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады