НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан 19 қаңтар сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.
"Президент телевизия арқылы жасаған үндеуінде айтқандай, іштен және сырттан болған сан түрлі ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдайды деп үміттенеді", - делінген Ақорда хабарламасында.
Халық неге көшеге шықты
Еске сала кетсек, екінші қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шықты. Оған автокөлікке құятын газдың құны литріне 120 теңгеге дейін өскені себеп болған. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Ақтөбе әкімдігі де наразылық білдіргендердің екі талабы - митинг барысында қамауға алынғандар босатылып, сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін арзандатылғанын хабарлады.
Басқа өңірлерде де митингілер өтті. Ал Алматыда наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар бірнеше полиция көлігін қиратты. Тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газды қолданды. Қала әкімдігінің ғимаратын арнайы жасақ қызметкерлері қоршауға алды.
Тоқаев мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды.
"Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек", - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші қаңтарда осы мәселеге қатысты арнайы жиналыс өтетінін, барлық заң аясындағы өтініштер мен талаптар ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.