Қоғам

"SARS-CoV-2 вирусы жоқ": желіде коронавирусқа қатысты жалған ақпарат тарады

Қазақстандық жалған ақпаратпен күресушілер доктор Имановтың COVID-19 С витаминінің көмегімен емдеу туралы сөздеріне де сенуге болмайтынын айтты
Sputnik
АЛМАТЫ, 4 қаңтар – Sputnik. Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде коронавирус инфекциясына қатысты тағы бір жалған ақпарат тарады. Бұл жолы Telegram мессенджерінде қазақстандықтар дәрігер Рамин Имановтың сөйлеген сөзінің видеосын тарап жатыр.
Видеода COVID-19 – бұл улану, SARS-CoV-2 вирусы жоқ, ал ауруханалардағы дәрігерлер өлім-жітімді арттыру үшін пациенттерді жасанды тыныс алу аппараттарына қосады делінген. StopFake.kz бұл ақпаратты жоққа шығарып, мән-жайды түсіндірді.
"Рамин Иманов – химтрейлдер теориясы сияқты қастандық теорияларын жақтайтын мәлімдемелерімен танымал украиналық дәрігер. Бұған дейін украиндық фаткчекерлер оның COVID-19 вирустық ауру емес, ұшақтар шашатын бериллий форидімен улану деген пікірін жоққа шығарған", - деп хабарлады StopFake.
Рамин Иманов Sars-CoV-2 вирусын ол жоқ деп мәлімдеп, жаппай улау нұсқасын қолдайды. Бұл теория бірнеше рет теріске шығарылды. SARS-CoV-2 коронавирусының геномы Қытайда 2020 жылдың қаңтарында, содан кейін басқа елдерде толығымен анықталды.
"COVID-19 ауыр түрде ауырған адамдарды тыныс алуға көмектесу үшін жасанды тыныс алу құрылғыларына қосады. Жасанды тыныс алу аппараттарына қосу – дәрігерлер барлық басқа амалдар таусылған кезде ғана жүгінетін төтенше шара", - деп түсіндірді мамандар.
Қазақстандық жалған ақпаратпен күресушілер доктор Имановтың COVID-19 С витаминінің көмегімен емдеу туралы сөздеріне де сенуге болмайтынын айтты.
"Әлемдік ғалымдар бұл витаминнің ауруға қалай әсер ететінін зерттеді. Олар С витамині пайдалы болғанымен, оны қолдану COVID-19 және пневмонияны емдеуге айтарлықтай әсер етпейді деген қорытындыға келді", - деп жазды StopFake.kz.
Айта кетері, COVID-19 белгілері байқалса, жалған ақпарат жетегінде кетпей, тексерілген ақпаратқа сеніп, медицина қызметкерлеріне жүгіну қажет.

Оқи отырыңыз: