АЛМАТЫ, 4 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселеге қатысты жиын өткізеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
"Ертең, 5 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелерінің, президент әкімшілігі қызметкерлерінің және басқа да жауапты органдар өкілдерінің қатысумен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізеді", - деп жазды Уәли.
Кеңестің сағат нешеде өтетіні әлі хабарланған жоқ.
Айта кетері, Маңғыстау облысында газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылық акциялары үш күннен бері жалғасып жатыр. Оларға бүгін Атырау облысындағы Теңіз мұнай кен орнының қызметкерлері қосылды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында да наразылық акциясын қолдап жатқандар бар.