АЛМАТЫ, 4 қаңтар – Sputnik. Алматыда бір топ өнер адамы Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрдың алдында жиналып, Маңғыстау облысында наразылық шеруіне шыққандарға қолдау көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Олардың арасында әнші Нұрлан Албан, Жеңіс Ысқақова, Ролан Казретов, актер Рүстем Жаныаманов және басқалары бар.
Өнер адамдары наразылыққа шыққандарға ешқандай күш қолданылмауын сұрады.
"Құзырлы органдар, жоғары тақта отырған аға-апаларымыздан, әсіресе халықтың қалаулысы болып сайланған депутаттардан халыққа үлкен қысым жасамауын сұраймыз. Халыққа қарсы ешқандай күш қолданылмасын! "Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады" дейді қазақ. Пандемия кезінде әлем елдерінің экономикасы дағдарысқа түсіп жатқанда азық-түліктің қымбаттауы, халықтың Kaspi Red-ке азық-түлік алуы... Өнер сапындағы алматылықтар халықпен біргеміз! (...) Қазақ халқы шүкіршіл халықпыз, қандай нәубет келсе де артын тосып, сабырлық сақтайтын халықпыз. Бұл жолы, шындығында, халық әбден ашынды. Халық шырылдайтын кезі келді", - дейді әнші Нұрлан Албан.
Жеңіс Ысқақова бұған дейін де әншілердің әлеуметтік желідегі парақшасында халыққа қолдау білдіріп жүргенін айтты.
"Бейбіт шеруге шыққан халық, әрбір қазақстандық өзінің құқығын, мұң-мұқтажын айтуға тиісті. Себебі үкімет халыққа жұмыс істеп отыр. Қазақта "жыламаған балаға емшек жоқ" дейді. Газ, бензин, азық-түліктің бәрі қымбаттады. Барлығының жағдайы қиындап кетті. Ел аралап жүрміз, туған-туысқанның жағдайын көріп отырмыз. Халықтың мұң-мұқтажын жеткізу үшін келіп отырмыз. Біздің қаракөз бауырларымызға "бұзақы", "бүлікші" деп қол көтермесе екен", - дейді әнші.
Сондай-ақ жиналғандар "билік халықпен санассын!" деп ұрандатты.
Айта кетері, бұған дейін Қайрат Нұртас Маңғыстау облысында газ бағасының қымбаттауына байланысты наразылыққа шыққан тұрғындарға қатысты ойын білдірді.
"Қазақ халқы өте сабырлы, төзімді, себепсіз көтерілетін халық емес. Дәл қазіргі жағдайда мен Батыстағы ағайынды қолдаймын. Себебі халықтың арасында жүргендіктен, Қайрат Нұртас болып қалыптасуымның себепкері халықтың мұң-мұқтажын жеткізуге хақым бар. Халықтың тұрмыстық жағдайы төмендеп кетті. Еш өзгеріссіз тұрған айлыққа қарамастан азық-түліктен бастап барлығы қымбат. Халық бар болғаны уайым-қайғысыз өмірді қалайды. Үкімет басшыларынан "Халық – Алланың аманаты" екенін ұмытпауын сұраймын!", - деп жазды Қайрат Нұртас.