Оқиға

Алматы облысындағы үш баланың өлімі: көлік иесі ұсталды

Көлік жүргізушісі қаза болған оқушылардың ата-анасынан кешірім сұрап, қазақстандықтарды мұндай қателік жасамауға шақырды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 қаңтар – Sputnik. Жаркент қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол көлігін кәмелеттік жасқа толмаған балаға жүргізуге берді деп айыпталып отыр, деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Полицияның хабарлауынша, қамауға алынған ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 349-бабы 4-бөлімі (Көлік жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіні рөлге отырғызу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Ер адам көз жұмған жасөспіріммен таныс болғанын мойындады. Ол күдіктіден көлігін сұрап мінген. Қазір ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу жұмыстары облыс полиция басшылығының ерекше бақылауында", - деп хабарлады Алматы облысы полициясының баспасөз қызметі.
Көлік жүргізушісі өз үндеуінде қаза болған оқушылардың ата-анасынан кешірім сұрап, қазақстандықтарды мұндай қателік жасамауға шақырды.
Еске сала кетсек, Панфилов ауданында бес жасөспірім мінген Nissan Cefiro аударылды. Жол апатынан кәмелетке толмаған үш бала оқиға орнында көз жұмды, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді.
Кейін анықталғандай, көлік рөлінде 15 жастағы жасөспірім отырған.
Nissan Cefiro көлігі аударылып, үш бала қаза болды