НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Қазгидромет алдағы үш күнде республика өңірлерінде ауа райы қандай болатынын айтты.
Синоптиктердің болжамынша, 4 қаңтардан бастап жылу мен ылғалдың мол қоры бар циклондар республиканың басым бөлігіндегі ауа райына әсер етеді. Ауа райы жауын-шашынды болады. Негізінен қар жауып, жел күшейеді, сондай-ақ ауа температурасы жоғарылайды.
"Алайда, кейіннен мұны суық Батыс антициклоны алмастырады. Жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы айтарлықтай түседі. Алдымен батыста, содан кейін шығыс бағытқа ығысып, елдің қалған бөлігінде аяз болады",- делінген хабарламада.
Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында түнде 20-25, кей жерлерде 30 градус аяз болжанып отыр.
Ірі қалаларда ауа райы қандай болады
Нұр-Сұлтанда 4 қаңтарда күн бұлтты, аздап қар жауады. Түнде -3, күндіз -2 градус суық.
Алматыда күн бұлтты, жауын-шашынсыз. Түнде -2, күндіз +4 градус.
Шымкентте күн бұлтты, жаңбыр жауады. Түнде +6, күндіз +8 градус жылы.