Қоғам

Вахташы мен сылақшы қыз жаңажылдық шоуда Қазнетті тәнті етті – видео

Сылақшы Гүлмайдан Серікбай "Әдемі қыз" әнін орындаса, вахташы Медет Өтегенов "Ring My Bells" шырқады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Вахташы Медет Өтегенов пен сылақшы қыз Гүлмайдан Серікбайдың "Хабар" телеарнасында жаңажылдық "Қызық times" шоуындағы өнері қазақстандықтарды таңғалдырды.
Видеоның 56:32 минутынан көріңіз.
Медет Өтегенов пен Гүлмайдан Серікбай "Халық әртісі" номинациясында ән шырқады. Сондай-ақ бұл номинацияда Мұқа Бұқа мен Қойшы бала да өнер көрсетті. Марапат төрт орындаушыға да бұйырды.
Видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Қазнет қолданушылары халық сүйіктілерінің талантына жоғары баға берді.
"Қазақтың Энрике Иглесиасы".
"Өте тамаша, әр қайсының өз орны бар. Бәрі де талантты, жігерлі ұрпақтар, тек алға".  
"Ең үздік сыйлық. Сіздерге рахмет! Керемет, сөзбен жеткізу мүмкін емес".
"Бомба".
"Маған шын кейбір әншілер ойыншық болып қалды осыдан кейін", деп жазып жатыр қазақстандықтар.
YouTube-те 1 қаңтарда жарияланған жаңажылдық шоудың видеосы 1,5 миллион рет қаралып, 6 мыңнан астам пікір жазылды.
Еске сала кетейік, ән шырқап жатқан сылақшы қыздың видеосы Қазнетте кеңінен таралып кетті. Бойжеткенді құрбысы әрі құрылыстағы әріптесі түсіріп алған. Бірнеше күн ішінде әншінің парақшасына жазылушылар саны 33 мың адамға жетті.
Айта кетері, бір күнде танымал болып кеткен сылақшы-әнші Гүлмайдан Серікбай (Дана) Asia's Got Talent халықаралық байқауына қатысады. Ұйымдастырушылар Гүлмайданға өздері хабарласып, оның кастингтен өткенін хабарлаған.
Вахташы Медет Өтегенов 30 жаста, Оралда тұрады. Ер адам Батыс Қазақстан облысы Шағатай ауылында туған. Өзі ән айтады. Мамандығы бойынша банкир. Атырау облысында Теңіз кен орнында жұмыс істейді. Instagram-пабликтердің бірі оның ән айтқан видеосын таратқаннан кейін танымал болып кетті.