Өңірлер

Түркістан облысында жоғалып кеткен жігіт 9 жылдан кейін табылды

15 жастағы жасөспірім лагерьден өз еркімен кетіп қалып, қайда жүргенін ешкімге айтпаған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері 9 жыл бұрын жоғалып кеткен жігітті туыстарымен қауыштырды.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2012 жылы Түлкібас ауданының полиция бөліміне Арыс қаласындағы балалар үйінің басшылығы арызданып, Түлкібас ауданында лагерьде жүрген 15 жастағы тәрбиеленушінің із-түзсіз жоғалып кеткенін жеткізеді.
Жасөспірім жоғалған соң аудан сақшылары болған жайтты бірден тіркеп, жедел іздестіру жұмыстарына кірісіп кетеді. Лагерьдің аумағы мен баруы мүмкін жерлердің барлығын шолып шығады. Алайда іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген.
9 жыл өткенде жедел уәкілдер жоғалған ер баланы тапты.
"Криминалдық полиция басқармасының полицейлері сол кездегі жасөспірімнің бүгінгі таңда Келес ауданында мал бағып, күнелтіп жүргенін анықтады. Жоғалған бала қазіргі уақытта 24 жаста", - дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары оны полиция бөліміне жеткізіп, арнайы психолог мамандармен сөйлестірді. Жас жігіт өз еркімен шығып кетіп, ересек адамдар секілді өмір сүргісі келгені анықталды. Содан соң жалдамалы қойшы болып жұмыс істеп, күнелткен.
Тәртіп сақшылары жігіттің туыстарын тауып, қауыштырды. Сонымен қатар жоғалу жайты бойынша арызданған балалар үйінің тәрбиешісін де шақырып, байланыстырды. 
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында қой бағуға кетіп жоғалған 11 жастағы бала табылды