НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар – Sputnik. Жаңа жылдан бастап Қазақстанда президенттің тапсырмасымен ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ең төменгі жалақы
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңгені құрайды. Былтыр оның мөлшері 42 500 теңгеге тең болған еді.
Бірінші кезекте, ең төменгі жалақының көтерілуі айлығы өте төмен жұмысшылардың табысына оң әсер етеді. Бүгінде жалақысы 60 мың теңгеден аз 1 миллион 650 мың адамның кірісі артады.
Екіншіден, жұмыс берушілер жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішіне сай қызметкерлердің басқа да санаттарының жалақысын қайта қарайды.
Қазақстандықтардың табысы қанша
© Sputnik
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.
Айлық есептік көрсеткіш
АЕК немесе айлық есептік көрсеткіш (жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданады) 2022 жылы 3 063 теңгені құрайды. 2021 жылы ол 2 917 теңге болды.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі
Ең төменгі күнкөріс деңгейі базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қолданылады.
Былтыр оның көлемі 34 302 теңге болса, 2022 жылы 36 018 теңгеге дейін өсті.
Қазақстанда күнкөріс минимумы мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияға қарай, жыл сайын көтеріліп тұрады.