Экономика

Биыл Қазақстанда екі жаңа салық енгізіледі

Жаңа жылдан бастап енгізілген салықтар цифрлық технологиялар саласына қатысты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар – Sputnik. 2022 жылдан бастап Қазақстанда тағы екі салықты төлеу міндеті енгізіледі.

Майнерлер салық төлейді

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнингке салық салынады. Енді Қазақстанда жұмыс істейтін майнингтік фермаларға тұтынған электр энергиясының әр 1 киловатт-сағатына 1 теңгеден төлеуге тура келеді.
Бұл өзгерістер Салық кодексіне енгізілген түзетулерде қарастырылған.
Биыл күзде Қазақстанның бірнеше өңірінде электр қуатын жеткізу бойынша шектеу енгізілді. Билік бұл проблема майнинг фермаларының қызметімен байланысты екенін мәлімдеді. Энергетика министрлігінің ақпаратынша, "сұр" майнерлер шамамен 1200 МВт-қа дейін электр энергиясын тұтынады.

Google салығы

2022 жылдан бастап Қазақстанда Google салығы пайда болады. Цифрлық салықты ел қазынасына шетелдік интернет-компаниялар (мысалы, Google, Facebook, Netflix) төлейді.
Қызметтер мен тауарларын онлайн платформа арқылы сататын барлық шетелдік компания Қазақстан бюджетіне қосымша құн салығын төлеуге міндеттеледі. ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12%-ін құрайды.
Оқи отырыңыз: Депутат Қазақстанда сән-салтанатқа салық салу мәселесін тағы қозғады
Бұл жерде музыканы ақылы тыңдау, электронды кітаптар, компьютерлік ойындар, бағдарламаларды пайдалану құқығын сату туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ салық маркетинг пен жарнама саласына да қолданылады. Қарапайым қазақстандықтарға жаңа салықтың қатысы жоқ.
Ұлттық экономика министрлігі Google салығынан ел бюджетіне жыл сайын 2 миллиард теңге түседі деп болжап отыр.
1 қаңтардан бастап Қазақстанда болатын негізгі өзгерістерді мына жерден оқи аласыздар.