Экономика

Бір жылда баспана бағасы қалай өзгерді

Сарапшылар бүкіл әлемде жылжымайтын мүлік бағасы көтерілгенін айтып жатыр. Бұл құбылыс Қазақстанды да сырт айналып өткен жоқ
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан — Sputnik. Елдегі жаңа тұрғын үй нарығындағы баға бір жылда 15,2%-ке өссе, ескі үйлер бағасы 23,1%-ке қымбаттады, деп хабарлайды ranking.kz.
Сарапшылар ақпараты бойынша, қарашада елдегі тұрғын үй бағасының өсуі 0,6%-ті құрап, бір шаршы метрі 354 мың теңгеге бағаланды. Ескі үйлер нарығындағы баға 1,1%-ке – бір шаршы метрі 282 мың теңгеге дейін өсті. Бір жылда республикада жаңа баспана нарығындағы баға 15,2%-ке, ескі үйлер нарығындағы баға 23,1%-ке ұлғайды.
Алайда аналитиктер Қазақстанда баспана бағасының өсуі әлемдегі үрдіспен салыстырғанда аса жоғары емес екенін айтып жатыр.
Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша елдің ірі қалаларында жаңа тұрғын үй бағасының жылдық өсімі Алматыда 13%-ті, Нұр-Сұлтанда 15,6%-ті, Шымкентте 16,8%-ті құрады. Екінші сегментте көрсеткіштер Алматыдан басқа екі қалада жоғары болып отыр: сәйкесінше 9,8%, 27% және 54,6%.
Жылжымайтын мүлік бағасының өсуі әлемдік трендке айналды. Мәселен, Түркияда биылғы жылдың екінші тоқсанында баспана 33%-ке, Чехияда 14,7%-ке, Литвада 12,5%-ке, Эстонияда 11,9%-ке қымбаттады. Португалия мен Германиядағы жаңа пәтерлердң бағасы 7-8%-ке өсті.
Бұл ретте Еуропада базалық мөлшерлеме 2016 жылдың наурыз айынан бастап 0 % деңгейінде сақталып тұрса, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 9,75%-ке дейін көтерді.