НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңға қол қойды. Осы құжатпен қатыгездік пен жауыздық үшін жаза күшейтіліп отыр, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген ресми хабарламада.
Айыппұл көлемі екі есеге өсті
Заңға сәйкес, жануарларға қатыгездікпен қарау әрекеттерін бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да жолдар арқылы насихаттауға тыйым салынады. Ол үшін 1000 АЕК-ке (2 917 000 теңге) дейін айыппұл салу, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейін айыру жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездік үшін 120 АЕК-ке дейін (биыл 350 040 теңге ) айыппұл және 30 тәулікке дейін қамауға алу, ал жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездік әрекет үшін 200 АЕК-ке дейін (583 400 теңге) айыппұл және 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы енгізілген.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жануарларға қатыгездікпен қарау тармағы да енгізілді. Атап айтқанда, 407-1 бабында нақты айыппұлдың көлемі көрсетілді. Олар:
Ал осы тәртіп бұзушылық қайталанса, жеке тұлғаларға 20 АЕК және лауазымды тұлғаларға 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
407-2-баптың редакциясында үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, өлтіру ережелерін бұзғаны үшін де айыппұл қарастырылған:
Жануарларды есепке қою қажет
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын тіркеуге қою міндеті енгізіледі. Ал әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар болса, есепке алу шаралары бюджет есебінен атқарылады.
Заңға сәйкес, жануарлардың азап шегуін тоқтату және халықтың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана өлтіруге рұқсат беріледі. Жануарларды қорғаушылардың жылжымалы хайуанаттар бағы, контактілі зоопарк, жылжымалы океанариумдар, дельфинарийлер мен жануарлардың жылжымалы көрмелерінің қызметіне тыйым салу туралы ұсыныстары да ескерілді. Бұл норма осы ұйымдардың меншік иелеріне бизнесті тарату немесе қайта ұйымдастыру іс-шараларын өткізу үшін уақыт беру мақсатында кейінге шегеріледі.