Саясат

Тоқаев Бейжіңде өтетін Олимпиада ойындарына шақырту алды

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтудың перспективалары талқыланды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан президенті ҚХР үкіметінің Еуразия елдеріне қатысты істер жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэйді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Ли Хуэйге ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ҚХР-дің Қазақстандағы елшісі болған кезде қосқан үлесін атап өтті. Президент өзара ықпалдастықты атап өтті. Ол мәңгі ынтымақтастық және стратегиялық серіктестікті нығайту туралы бірлескен декларацияның аясында қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Құжатқа 2019 жылы қыркүйекте Тоқаевтың Пекинге мемлекеттік сапары барысында қол қойылған болатын.
"Мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастар әрқашан дами береді. Пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, биыл 10 ай ішінде екі ел арасында сауда көлемінің өскені байқалады. Келесі жылы және алдағы жылдарда сауда-саттық табысты дами береді деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл қараша айында өткен IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесін жоғары бағалап, онда өзінің бейнеүндеу жасағанын атап өтті. Сондай-ақ екіжақты сауда көлемін ұлғайту және оның құрылымын жақсарту жұмыстарын одан әрі жүргізудің маңызды екенін айтты.
Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге сәлемін жолдай отырып, алдағы жылы оны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді деп күтетінін жеткізді. Осы маңызды іс-шараның нақты мерзімі дипломатиялық жолдар арқылы келісілетін болады.
Қытайлық дипломат Қазақстан президентіне келесі жылы Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысуға шақыруын табыстады.
Қазақстан президенті мен Қытай үкіметінің Еуразия елдеріне қатысты істер жөніндегі арнаулы өкілі
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Хуэйді өзара тиімді қазақ-қытай ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.