Ресей елшісі 2022 жылдағы екі елдің ынтымақтастығына қатысты ойын бөлісті

Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин екі ел арасындағы өзара іс-қимылы бойынша 2021 жылды қорытындылап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтарда Мәскеуге сапарынан не күтетінін айтты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан мен Ресей әлемдегі құрлықтағы шекарасы ең ұзын көрші мемлекеттер. Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана Санкт-Петербургта өткен ТМД бейресми саммитінде "құдай қосқан көршілердің" арасындағы ынтымақтастық нығая беруінің маңыздылығын атап өтті.
Ресейдің біздің елдегі төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин
Жаңа жыл қарсаңында Sputnik Қазақстан Ресейдің біздің елдегі төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен жақын болашақтағы екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас туралы сұхбатты ұсынады.
- Алексей Николаевич, 23 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатын өткізіп, біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастыққа оң баға берді. Осы ретте, біздің оқырмандарымызға ресейлік көшбасшы сөз еткен екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарындағы жетістіктерге толығырақ айтып берсеңіз.
- Расында да президент Ресей-Қазақстан қарым-қатынасындағы ең маңызды аспектілерге тоқталды. Баспасөз мәслихатында уақыт тығыз болғандықтан, ол бұл қарым-қатынасты қысқа әрі нақты сипаттап өтті. Бірақ біздің ең жақын көршіміз әрі оақтасымыз Қазақстанмен Ресейдің көпжоспарлы байланысындағы оң қарқын туралы ұзақ айта беруге болады.
Владимир Владимирович біздің бауырлас елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың негізгі блоктарын – саяси диалогты, сауда-экономикалық және өнеркәсіптік кооперацияны, ғарышты игерудегі ынтымақтастықты, әскери-техникалық және гуманитарлық байланыстарды нақты атап көрсетті. Ресейдің одақтастары арасында екі жақты шарттар мен келісімдердің саны бойынша Қазақстан бірінші орында тұр. Ол құжаттардың негізгісі ретінде 2013 жылы қол қойылған ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартты атауға болады.
Ресей мен Қазақстан билігі деңгейіндегі байланыс әркез ашық, тату сипатта болды және сенімге негізделді. Пандемияға байланысты енгізілген шектеулер салдарынан онлайн форматқа кеткен бұл диалог қайтадан дәстүрлі форматқа көшіп жатыр. Екінші жартыжылдықта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі рет Ресейде болып қайтты. Владимир Путин Қасым-Жомарт Кемелұлын келесі жылдың басында Мәскеуге шақырды.
"Коронавирустан кейін сауда байланысы қалпына келіп жатыр", - Бородавкин
Осы уақытқа дейін санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты кейінге қалдырылып келген ресейлік президенттің Қазақстанға сапары қазір пысықталып жатыр. Сонымен қатар келесі жылы сіздердің елдеріңіз бірден екі халықаралық құрылымда – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде төрағалық етеді. Қазанға жоспарланып отырған осы іс-шараларға Ресей шақырту алды. Барлығы эпиедмиологиялық жағдайға байланысты шешіледі.
Біздің мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық блокта да оң қарқын бар. Коронавирустан кейін сауда байланысы қалпына келіп жатыр. Сондықтан жыл қорытындысы бойынша біздегі сауда көлемі рекордтық 24 миллиард доллар деңгейіне жетуі керек.
Соңғы уақытта шикізаттық емес құрамдас бөлігінің ұлғаюымен сипатталатын өзара жүк ағындары құрылымын әртараптандыруды да сәтті жүзеге асып жатқанын атап өткім келеді. Ресей президенті екі мемлекеттің жоғары технологиялық ынтымақтастығын тереңдету керек екенін баса айтты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы интеграциялық процестерді сапалы жаңа деңгейге шығаратын өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация саласындағы ведомствоаралық бағдарламаларды жалғастыру маңызды рөл атқаратынына сенімдімін.
Ресей көшбасшысы екі ел арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастыққа кееңінен тоқталды. Мұнда да кооперация іске қосылғанын көріп отырмыз – 13 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда өткен "Байқоңыр" кешені бойынша екіжатқы үкіметаралық комиссияның отырысында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру бойынша әр тараптың өз міндеттемелерін орындау шарттары мен мерзімі бекітілді, "Гагарин старты" ұшу алаңын модернизациялау жоспары келісілді.
Біздің президентімін соңғы уақытта кеңінен талқыланып жатқан орыс тілінің жайын да қозғады. Бірақ тырнақ астынан кір іздейтін кейбір адамдар Путиннің сөзін бұрмалап, оның астары бар деген ойды насихаттады. Алайда ол бәрін нақты айтты: "Ресей орыс тіліне көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан билігіне шексіз алғыс білдіреді. Қазақстанда орыс тілін меңгеретін мектептер саны артып, оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр".
- Елші мырза, сіз Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты қаңтарда Ресейге шақырғанын айттыңыз. Бұл сапардан не күтесіз? Себебі Қазақстан президентінің Санкт-Петербургқа сапары мен осы сапар арасында небәрі бір ай ғана уақыт өтеді.
- Мұндай кездесулердің ауқымын мерзім шегінде қарастырған дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі бірінші сұраққа берген жауабымнан-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас пен байланыс қаншалықты кең, көлемді екенін түсінуге болады. Онда да мен өзара әрекеттестік салаларының барлығын атаған жоқпын.
Тоқаевтың келуі Ресей мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 30 жылдығының екіжақты іс-шаралар бағдарламасын ашып береді. Қос көшбасшы жүргізетін келіссөз барысында біздің елдеріміз арасындағы сауда мен өзара инвестицияларды одан әрі дамыту перспективалары, жаңа сын-қатерлер жағдайында елдеріміздің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланады деп ойлаймын. Соның ішінде Вашингтонның батыс бағытында Ресейге қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуы ең өзекті тақырып болып отыр. Сонымен қатар Ауғанстандағы ахуал және оның Орталық Азияға кері ықпалы, террористік қауіптің, миграцияның, есірткі тасымалы мен америкалықтардан қалған қару контрабандасының артуы да сөз болады.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы одан әрі интеграция, ҰҚШҰ мен ТМД-дағы ынтымақтастық жайы да талқыланады. Гуманитарлық сала бойынша да талқыланатын мәселе аз емес. Санкт-Петербургте көшбасшылар қозғаған энергетика мен цифрландыру саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының аспектілерін тереңірек талқылау да қарастырылуы ықтимал.
Сондықтан келіссөздер бойынша күн тәртібі әдеттегідей қауырт әрі қызу болады деп пайымдауға себеп бар. Менің Қазақстан бағытындағы жұмыс тәжірибеме сүйеніп айтсам, біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас ауқымымен арадағы диалог тақырыптарын тауысу мүмкін емес.
- Алексей Николаевич, біздің сұрақтарымызға жауап беруге уақыт тапқаныңызға рақмет! Сізді және Ресей елшілігінің қызметкерлерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймыз!
- Көп рақмет! Sputnik Қазақстан агенттігін және оқырмандарды мерекемен құттықтаймын және денсаулық, табыс және жаңа жылдағы бар жақсылықты тілеймін!