НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Қарағанды облысындағы жоғары қауіпсіздіктегі АК 159/6 түзету мекемесіндегі сотталушылар тағы да әкімшіліктен қорлық көргендерін айтып, бейнежазба жариялады.
Олар түрме қызметкерлерінің бұйрығымен бір-бірін түрлі әрекеттер арқылы қорлап, ұрып-соғатындарын айтқан. Сондай қойылымның бірін сотталушылар туыстарына таратыпты. Бұл туралы "Астана" арнасы хабарлады.
Өздері түсірген қойылымда педофилді ұрып-соғып жатыр. Сөздеріне сенсек, әкімшілік қызметкерлерінің бұйрығымен олар бір бірін үнемі осылай қорлауға мәжбүр. Әйтпесе түрлі жала жабылады дейді.
"Бұл видеоны Ак 159/6 мекемесінде өз қауіпсіздігімді сақтау үшін жаздым. Әкімшілік қызметкерлерінің тапсырмасымен біз басқа сотталғандарды қорлауға мәжбүрміз. Өйткені "ондай әрекеттерге бармасаңдар сендерді заң бұзды деп жазамыз" деп қорқытады. Ал біздің бостандыққа шығуымыз тікелей осыған байланысты. Өзімізді де қорлайды", - дейді жазасын өтеушілер.
Олар камераластарының аты- жөнін тізбектеп, туыстарынан көмек сұраған. Қылмыстық түзету жүйесі департаменті болған жағдайға қатысты мүлде басқа мәлімдеме жасады.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, жоғары қауіпсіздіктегі абақтыда отырғандардың көбі қауіпті қылмыскерлер. Әкімшілік қызметкерлерін билеп-төстеп, беделдерін түсіру үшін әдейі қойылым қойып, таратқан. Қазіргі таңда ұйымдастырушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.
Оқи отырыңыз: Әйел 29 жыл іздеген ұлын Шымкенттің түрмесінен тапты
"Аталған материал бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Сотталғандар қорлау туралы қойылымды арнайы жоспармен түсірген. Оны басқа бір жазасын өтеуші дыбыстап тұр. Сөйтіп олар мекемедегі ережені жеңілдету үшін қызметкерлердің беделін түсіріп, қоғамдық пікір туғызбақ болған. Қазір ұйымдастырушыларға қатысты Қылмыстық кодекстің 146-шы, яғни "қорлау" бабымен қылмыстық іс қозғалды", - деп түсіндірді Қарағанды облысы бойынша ҚТЖД АК 159/6 жоғары қауіпсіздіктегі мекеме бастығы Ерболат Әбдікеев.
Сотталғандардың бұл әрекеттері жазасын өтеу мерзімін одан ары ұзартуы мүмкін. Онсыз да ауыр қылмыс жасаған олардың алды 10, арты 25 жылға дейін қамалған. Сотталғандар бұған дейін де бірнеше рет қорлық көргендерін айтып дабыл қаққан болатын. Бірақ барлығында өздері кінәлі болып шыққан.
Ресми орган сотталғандар қорлық фактілері болған жағдайда колонияда орнатылған арнайы терминал арқылы жолдай алатынын хабарлады.