Өңірлер

Алматыда метроның жаңа екі станциясы іске қосылды

Метрополитеннің жаңа станциялары қаланың көлік және халық көп шоғырланған аудандарында орналасқан
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан — Sputnik. Алматыда метроның "Сарыарқа" және "Бауыржан Момышұлы" станциялары техникалық іске қосылды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа станциялардың дайындығын тексеріп, оларды техникалық іске қосу шарасына қатысты.
Жаңа станциялар Алматы метрополитенінің екінші іске қосу кешенінің нысандары. Бүгінде ол 96%-ке дайын.
"Сарыарқа" және "Бауыржан Момышұлы" станциялары техникалық іске қосылды
Метро желісі Абай даңғылының астында, Алтынсарин даңғылынан Яссауи көшесіне дейінгі батыс бағытта орналасқан. Ол аралық тоннельдерден және "Сарыарқа" және "Бауыржан Момышұлы" атты екі станциядан тұрады. Желі учаскесінің ұзындығы – 3.08 км.
"Сарыарқа" станциясы "Фэмили" паркінің ауданында орналасқан және қозғалысы шектеулі топтарға арналған 2 лифті, 8 экскалаторы бар екі кіру жабдығынан тұрады.
Негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды және іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды
"Бауыржан Момышұлы" станциясы Абай даңғылының астында, Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Ол екі жерасты вестибюльден және алты кіру жабдығынан тұрады. 6 лифт және 15 эскалатор қарастырылған.
Бүгінгі күнге дейін негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды және іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды. Архитектуралық әрлеу жұмыстары, инженерлік желілер, автоматика жүйелері және пайдалану жабдығын монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.
"Метрополитен жолаушыларына жайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін қолданыстағы метрополитенмен автоматика жабдықтары және жүйелерін біріктіру, сондай-ақ электр жылжымалы техникамен жолды бойлай сынауды қамтитын іске қосу-жөндеу жұмыстары қарастырылған", - деп түсіндірді әкімдікте.
Бұл станциялар қаланың халық саны көп аудандарында орналасқан. Пайдалануға берілгеннен кейін жолаушылар ағыны күніне 40 мың адамнан 86 мың адамға дейін артады деп көзделіп отыр. Бұл қаланың көше-жол желісі мен көлік инфрақұрылымындағы жүктемені бірнеше есе азайтады.
Станциялар қаланың халық саны көп аудандарында орналасқан
Еске салсақ, бұған дейін 1 желтоқсанда Алматы метрополитенінде 8 жаңа электр пойызы пайдалануға берілді. Оның ұзындығы 77,8 метрді құраса, ең жоғарғы техникалық жылдамдығы – сағатына 90 километр. Бүгінде метрополитенде 15 пойыз жұмыс істейді.