АЛМАТЫ, 30 желтоқсан – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан мен журналист Айнұр Коскина арасындағы оқиғаға байланысты пікір білдірді.
"Бүгін парламент ғимаратында журналист Коскина мен сұхбат беруші Тілеухан арасында болған оқиға журналистика кәсібінің ерекше қарым-қатынас дағдыларын қажет ететін ерекше мамандық екендігін кезекті рет дәлелдеді. Әрине, сұхбат берушінің журналистке қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын", - деді Балаева журналистің ең алдымен әйел екенін еске салып.
Ол мәдениетті қарым-қатынас этикасы кез келген сұхбат барысында сақталуға тиіс екенін айтты.
"Десе де, мәселенің екінші жағы да бар: ол – журналистің кәсіби білігі мен ішкі мәдениеті. Спикердің жеке өмірі құпиялығы мен құқығын сақтау, тақырып ауқымындағы сұрақтардан тыс ауытқымау, диалог логикасын нақты ұстану – бұл ешкім жоққа шығармайтын жалпыға ортақ өркениет ережелері", - деді министр Facebook парақшасында.
Қалай болғанда да ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің заңды мүддесін, кәсіби құқығын заң аясында қорғауда қашан да дайын, деп түйіндеді Балаева.