Білім

Отандық 34 ЖОО әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне енді

Алғашқы 100 үздік оқу орнының ішіне 7 қазақстандық университет кірді. Көшті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бастап тұр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. QS EECA 2022 агенттігі ең үздік жоғарғы оқу орындарының тізімін жариялады. Олардың арасында Қазақстанның 34 университеті бар. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі хабарлады.
QS EECA – жыл сайын жасалатын Еуропа мен Орта Азия елдеріндегі үздік жоғары оқу орындарының рейтингі. QS Emerging Europe and Central Asia University Rankings рейтингіне кіретін қазақстандық ЖОО саны жыл сайын артып келеді. Былтыр тізімге 27 қазақстандық университет кірсе, биыл олардың қатары 34-ке жетті.
Алғашқы 100 үздік оқу орнының ішіне 7 отандық университет кірді. Көшбасшы болған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өткен жылмен салыстырғанда 3 позицияға жоғарылап, 16-орынға ие болды.
Одан кейін рейтингте Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тұр. Ол халықаралық рейтингтте 42-ші орнынға жайғасты. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Satbayev University үшінші орында тұр. Өңірлік жоғары оқу орындары ішінде ТОП-100 қатарына Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті енді.
"Әлемдік рейтингтегі қазақстандық университеттер санының артуы біздің жоғары оқу орындарымыздың заман талаптарына және әлемдік стандарттарға сай білім беретінін көрсетеді", - дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
QS EECA рейтингіне Ресей, Чехия, Польша, Эстония, Литва, Түркия, Грузия, Әзербайжан және тағы басқа елдердің оқу орындары енген.
Айта кетері, рейтингті жасау кезінде он негізгі көрсеткіш ескеріледі. Олардың ішінде университеттердің академиялық беделі, оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, бір оқытушы мен қызметкерге шаққандағы жарияланымдар саны, шетелдік студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің үлесі және тағы басқалары бар.