НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. 2021 жылы Қазақстан билігінде ауыс-түйіс аз болған жоқ. Үкіметтің жаңа құрамы бекітіліп, министрлер кабинеті жаңа шенеуніктермен толықты. Бір жарым жыл бойы пандемиямен күрескен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қызметінен босатылды. Тіл жанашыры Бекболат Тілеухан депутаттықтан кетті. Сиыр жылы тағы кімдер билікке келіп, кімдер орнын босатқанын толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Үкіметтің отставкасы
Жылдың басы үкіметтің отставкаға кетуімен есте қалды.
10 қаңтарда елде парламент мәжілісінің сайлауы өткен болатын. Конституциялық заңға сәйкес, министрлер кабинеті мәжіліс құрамы қайта сайланғаннан кейін өз өкілетін тоқтатады. Осылайша 15 қаңтарда Асқар Мамин бастаған үкімет отставкаға кетті. Бірақ көп ұзамай, 18 қаңтарда президент Қазақстан үкіметінің жаңа құрамын бекітті.
Үкіметтің құрамы айтарлықтай өзгерген жоқ. Премьер-министр мен министрлердің басым бөлігі жылы орнын сақтап қалды. Тек екі министр ғана ауысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Біржан Нұрымбетовті Серік Шәпкенов алмастырса, ұлттық экономика министрлігіне Руслан Дәленовтің орнына Әсет Ерғалиев келді.
Айта кетері, Әсет Ерғалиев – үкіметтегі ең жас министр. Ол небәрі 34 жаста. Министрлік тізгінін қолына алғанға дейін сол ведомствода вице-министр қызметін атқарды.
Экс-министр Руслан Дәленов Еуразия даму банкі басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалды.
Сонымен қатар, премьер-министрдің тағы бір орынбасары пайда болды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді төртінші вице-премьер қызметін қоса атқарады.
Дариға Назарбаева парламентке оралды
2021 жылы 10 қаңтарда өткен мәжіліс сайлауынан кейін 58 жастағы саясаткер парламентке қайта оралды. Қазір ол мәжілістің VII шақырылымының депутаты. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.
Елбасының үлкен қызы Дариға Назарбаеваның саясатта жүргеніне біраз болды. Алдымен мәжіліс депутаты, кейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Одан соң парламенттің жоғары палатасына депутат болып келді. Сенатта халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарды.
2019 жылы әкесі отставкаға кетіп, ел тізгіні Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиген соң, сенат спикері болып сайланды. Алайда бір жылдан кейін президент Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтатқан болатын. Осыдан кейін экс-сенатор Nur Otan партиясы атынан мәжіліс сайлауында бақ сынады.
Тоқаев Омаровты отставкаға жіберді
Биыл Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі сынға көп ілікті. Оған себеп те жоқ емес. Елді қуаңшылық жайлап, жем-шөп тапшылығынан мал қырылды, шаруалар тығырыққа тірелді. Жаздың ортасында картоп пен сәбіз бағасы аспандап кетті. Жан-жақтан дабыл қағылса да, Сапархан Омаров басқарған министрлік дер кезінде шара қолдана алмады. Фермерлер шарасыздықтан тікелей президенттен көмек сұрады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысына халықтың ғана емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көңілі толмады. Ақыр соңында мемлекет басшысы "күрделі кезеңде шұғыл әрі батыл шешімдер қабылдай алмаған" министр Сапархан Омаровты отставкаға жіберуді жөн көрді.
Оның орнына ауыл шаруашылығы министрі болып Ербол Қарашөкеев тағайындалды.
Экс-министр Омаров ауыл шаруашылығы саласынан кеткен жоқ. Қазір ол "Азық-түлік келісім шарт корпорациясының" басқарма төрағасы қызметін атқарып жүр.
Әскери қоймадағы жарылыстан кейінгі ауыс-түйіс
26 тамыз Жамбыл облысының Байзақ ауданында әскери қойма жарылды. Оннан астам адам ажал құшып, тоқсанға жуығы зардап шекті. Қоймада жарылыс болғанын естігеннен кейін сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге шешім қабылдаған. Қазақстан президенті оның өтінішін қабылдады.
Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысы болып Мұрат Бектанов тағайындалды.
Бұған дейін ол қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы болған еді.
Қалмұханбет Қасымов мемлекеттік қызметтен кетті
2021 жылы 30 шілдеде президенттің жарлығымен Қалмұханбет Қасымов Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымынан босатылды. Қасымов отставкаға және мемлекеттік қызметтен кету туралы өзі өтініш берген. Ол бұл қызметке 2020 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қасымовқа құқық қорғау органдарындағы ұзақ жылғы қызметі мен мемлекеттік күзет қызметінің бастығы ретінде сіңірген еңбегі үшін алғыс айтты.
Араға бір ай салып Мемлекеттік күзет қызметіне жаңа басшы келді. Тоқаев бұл қызметке Қасымовтың орынбасары болған Ермек Сағымбаевты қойды.
Министр әкім болды
Қыркүйек айының басында мұнайлы өлкенің жұртшылығы жаңа әкімін қарсы алды. Президенттің жарлығымен Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысына әкім болып барды. Ол Қазақстанның энергетика министрі лауазымынан босатылды.
Айта кетері, Ноғаевтың әкім ретінде тәжірибесі мол. Оған облыс әкімі болу – таңсық жұмыс емес. Өйткені шенеунік бұған дейін бірнеше жыл Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарын басқарды.
Ал Маңғыстау өңірінің бұрынғы басшысы Серікбай Трұмов сенат депутаты болды.
Бір министрліктен екінші министрлікке
Нұрлан Ноғаев елдің батысына әкім болып кеткен соң, энергетика министрлігінің тізгіні оның әріптесі Мағзұм Мырзағалиевтің қолына тиді. Бұған дейін ол экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін басқарған болатын.
Мырзағалиевтің орнына экология министрі болып Серікқали Брекешев келді.
Бозымбаев Баталовты алмастырды
Алматы облысын 2014 жылдан бері басқарған Амандық Баталов қараша айының соңында жылы орнын босатты. Жуырда экс-шенеунік 69 жасқа толған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Амандық Баталовқа жемісті қызмет атқарғаны, өңірді дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.
Алматы облысының жаңа әкімі болып Қазақстан президентінің көмекшісі болған Қанат Бозымбаев тағайындалды. Бозымбаев бұған дейін де екі рет облыс әкімі болды. 2009-2013 жылдары Жамбыл облысын, 2013-2016 жылдары Павлодар облысын басқарды.
Тоқаев Цойды қызметінен босатты
Жыл аяқталуға тақағанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қызметінен босатты.
Цой елде коронавирус індеті күшейіп, өлім-жітім көбейген тұста министр болған еді. Ол 2020 жылдың маусымында қазір тергеліп жатқан Елжан Біртановтың орнына келді.
Цой қызметінен кету туралы шешімді осыдан сегіз ай бұрын қабылдапты. Десе де бұрынғы шенеунік медицинадан біржола қол үзбейді. Экс-министр азаматтық секторға ауысып, ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтау саласын дамытатынын айтты.
Әзірге Цойдың орнына жаңа министр тағайындалған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі басшысының міндетін вице-министр Жандос Бүркітбаев атқарып жүр.
Бекболат Тілеухан енді депутат емес
29 желтоқсан күні парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Тілеухан депутаттықтан өз еркімен кеткен.
Экс-депутат мәжілістегі әріптестерінен кешірім сұрап, қарапайым сайлаушы ретінде өз аманатын жеткізді.
"Біраз жұмыс істедік, артық айтқан сөзіміз болса, жаза басқан жеріміз болса, әріптестерімнен кешірім сұраймын, ғафу өтінемін. Сондай-ақ сөз-түйінді айтарым бар ғой, ағайын. Қазақ шабуылшы жұрт емес, ол - қорғанушы жұрт, тарихқа есесі кеткен жұрт. Осы нәрсе естеріңізде болып, жүректеріңіздің түкпірінде, тарихи санамен, мемлекетшіл оймен әрқашан жүректеріңізде тұрса екен деймін. Ендігі жерде депутат ретінде емес, сайлаушы ретінде айтар аманатым осы, өтінішім де сол", - деді Тілеухан.
Ол 2016-2021 жылдары VІ шақырылымдағы мәжіліс депутаты, 2021 жылдың 15 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін VІІ шақырылған мәжіліс депутаты болды. Сондай-ақ жуырда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай IІI дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталған болатын.
Енді Бекболат Тілеухан Бүкіләлемдік этнос конфедерациясының бірінші вице-президенті қызметін атқарады.
Бұрынғы вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов
Күзде Ғабидолла Әбдірахымов басқа жұмысқа ауысуына байланысты мәдениет және спорт вице-министрі қызметінен босатылды. Қазіргі таңда бұрынғы шенеуніктің немен айналысатыны белгісіз. Бұл қызметке ол осы жылдың басында тағайындалған еді.
Қазақстандықтар Ғабидолла Әбдірахымовты жақсы таниды. Ол екі мәрте Шымкент қаласының әкімі болды. 2017 жылы Әбдірахымов елордаға жұмысқа ауысқанда, шымкенттіктер онымен қимай қоштасты. Бірақ көп ұзамай Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болып, Әбдірахымов қала тізгінін қайта ұстады.
Оқи отырыңыз: 2021 жылы қазақстандықтардың өмірі қалай өзгерді
Мерекелік шаралардың бірінде экс-әкім "Шымкент қаласы – зың" деп қалалықтарды бір қуантып тастаған еді. Кейін бұл тіркес халық арасына кеңінен тарап кетті.
2019 жылы жазда Шымкентті басқарып тұрған кезде Ғабидолла Әбдірахымов Лондоннан туған жеріне жалынды сәлем жолдады. Оның бейнеүндеуі әлеуметтік желіде қызуға талқыға түсті. Көп ұзамай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны Шымкент қаласы әкімі қызметінен босатты.
Сол уақытта президент әкімшілігін басқарған Қырымбек Көшербаев (қазір мемлекеттік хатшы) Ғабидолла Әбдірахымовтың жүріс-тұрысы билікке деген сенімді кетіреді деп мәлімдеді.
Серік Сәпиев те кетті
Қазан айында Серік Сәпиев мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы қызметінен өз еркімен кететінін мәлімдеді. Олимпиада чемпионы комитет басшылығына 2019 жылдың қаңтарында келген еді.
Сәпиев алдағы уақытта Ұлттық олимпиада комитетінде жұмыс істейтінін айтты. Бірақ ол комитеттегі лауазымын нақтылаған жоқ.
Сәпиевтің орнына спорт және дене шынықтыру істері комитетіне Самат Ерғалиев келді. Бұған дейін ол Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған.
Бекшин зейнетке шығады
Жаңа жылдан бастап Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин зейнетке шықпақ.
Заң бойынша зейнет жасына толған мемлекеттік қызметшінің келісімшарты бір жылға ғана ұзартылады. Ал Бекшиннің келісімшарты аяқталған.
5 қаңтарға дейін Жандарбек Бекшин демалыста болады, содан кейін өз өкілеттігін тапсырады. Осыдан кейін ол Нұр-Сұлтанға оралуға ниетті екенін айтты.
Еске салсақ, Алматыға тағайындалғанға дейін Бекшин Қазақстанның бас санитар дәрігері лауазымын атқарды.
Жандарбек Бекшин – коронавирустың елге келгеніне "қатты қуанған" лауазымды тұлғалардың бірі. Жұрт үрей құшағында жүргенде ол "наконец-то Қазақстанға вирус келеді" деп жар салған еді. Шенеуніктің бұл сөзі қазақстандықтардың наразылығын туғызып, шуға айналады.