НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Әлеуметтік желіде тараған құжатта 2022 жылы дизель отынының бір литрі 400 теңге, ал АИ маркалы бензин 240 теңгеге көтерілетіні туралы жазылған. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов осыған қатысты түсініктеме берді.
Журналистерге сұхбат берген вице-министр ол құжатты көргенін жеткізді. Оның айтуынша, хатты жанар-жағармай сататын жеке меншік компания әзірлеген.
"Біз компания өкілдерімен сөйлестік. Олар тұтынушылар үшін сондай болжам жасап, коммерциялық ұсыныс жасағанын айтты. Бұл шаруашылық субъектілері арасындағы қарым-қатынас пен нарықа берілген баға ғой", - деді Мағауов.
Вице-министр жанар-жағармайдың бағасы компания жасаған болжамнан төмен болады деп санайды.
"Меніңше, 400 теңге болмайды, ол айдан анық. Негізі, қазір бағалар тұрақты, Ресейден де жақсы импорт келді. Бүгін министр де айтты ғой, бағаға болжам жасау қиын. Барлығы мұнайдың әлемдік бағасына байланысты", - деп атап көрсетті Мағауов.
Ал журналистер құжатта көрсетілген бензин бағасы туралы сұрады. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан бензин жағынан ешкімге тәуелді емес. Бағаның күрт көтерілуіне себеп жоқ.
"Биыл дизельді біраз импорттадық. Ал бензин бойынша ішкі сұранысты толығымен өтейтін боламыз. Ары қарай оны тұтыну көлеміне қарай көре жатармыз. Біз бензин бойынша биржалық сауда-саттықтар жүргізіп тұрамыз. Бұл – нарықтық индикатор. Бағаның күрт көтерілуін байқап отырған жоқпыз", - деп атап көрсетті Мағауов.
Айта кетері, қазіргі кезде Қазақстанда дизельді отынның бағасы 227-330 теңге, ал АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 180 теңгеден асып жатады.