АЛМАТЫ, 28 желтоқсан – Sputnik. Алматының Медеу ауданында екі жолаушылар автобусы соқтығысқаннан кейін бес адам қалалық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Жол-көлік оқиғасы 28 желтоқсанда болды.
Зардап шеккен бес адамның екі қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері қарады, деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
"Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жедел жәрдем бригадасы үш адамды жеткізді. Келген бойда пациенттерді травматолог және нейрохирург дәрігерлердің мультидисциплинарлық бригадасы қарап шықты. Оларға клиникалық-зертханалық зерттеулер қызметі көрсетілді. Науқастар ауруханаға жатқызудан бас тартып, амбулаториялық емделуге жіберілді", - деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Тағы екі адам №5 ауруханада тереңдетілген медициналық тексеруден өтті. Зерттеу нәтижелері мен қажетті көмек алғаннан кейін оларды емдеуді үйде жалғастыруға жіберді.
Айта кетері, Медеу ауданында Тәтібеков пен Серпер көшелерінің қиылысында екі автобус соқтығысты.
№203 автобус жүргізушісі алдындағы автобусты басып озбақ болған кезде №4 автобусты соқты.
Жол апатынан зардап шеккен жолаушыларға салоннан шығуға оқиға куәгерлері көмектескен.
Бастапқыда жиырмаға жуық зардап шеккендер туралы хабарланды, бірақ жедел жәрдем келгеннен кейін бес адамға көмек қажет екенін анықтаған.
Жол-көлік оқиғасының мән-жайын полиция анықтап жатыр.