НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан – Sputnik. Алматыда екі бозбала пойыздың үстінде тұрып видео түсірмекші болғанда тоққа түсіп көз жұмды.
Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Қайсар Жұмабайұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Құрметті ата-аналар! Бәріміз бала өсіріп отырғандықтан, мына жазбама зер салуларыңызды сұраймын. Өткен сенбіде және бүгін темір жолда екі бірдей қайғылы жағдай болды. Алдыңғы күні Тараз станциясында 15 жастағы жасөспірім вагонда фотоға түсем деп жүргенде тоқ соғып қаза тапты. Дәл осындай оқиға бүгін Алматы станциясында да қайталанды. Екі бозбала вагонның үстіне шығып видео түсірмек болғанда тоққа түсті. Арты өлімге әкеп соқтыратын мұндай ауыр жағдайлардан сақтану үшін ата-аналарға арнайы ескерту жасағым келеді", – деп жазды ол.
Бұған дейін Таразда селфи үшін пойыз төбесіне шыққан жасөспірім мерт болғанын жазғанбыз.