НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. "Ирина Қайратовна" тобы түсіріген "Отыздан асып барамын" фильмінде Мақпал Жүнісованың рөлін сомадаған актриса Малика Қалдарбек әншіден кешірім сұрады.
"Мақпал апай қазақтың ерке қызы. Қазақ тарихында орнын ойып алып тұрған тұлға. Ол кісінің ренжігенін естіп көңілім босап тұр. Мен білмедім, керісінше қазақтың біртуар қызының рөлін берді деп қуанып, актрисалық карьерамдағы ең үлкен белестердің бірі деп қабылдап едім. Сіздің білмегеніңізден хабарым жоқ еді. Айтқандарыңызбен келісемін, айыпқа бұйырмаңыз. Бірақ сіздің образды қолымнан келгенше ұятқа қалдырмай сомдап шықтым, шығуға тырыстым. Сізге деген құрметім шексіз! Жастығым шығар, бір ауыз алдыңыздан өтпегенім", - деп жазды ол.
Бұған дейін әнші өзінің instagram парақшасында көзі тірі тұрғанда, біреудің оның рөлін сомдағанын қаламайтынын айтқан болатын. Айтуынша, фильм түсірушілер оған бұл туралы бір ауыз ескертпеген.