НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан — Sputnik. Алматы облысында полицейлер Өзбекстан азаматын құтқарды. Ол көмек сұрап хат жазып, жанармай құю станцияларының бірінде Жамбыл облысының тәртіп сақшыларына тапсырды, деп хабарлайды "Хабар 24".
Ақпарат полиция департаментінің кезекші бөлімінің пультіне келіп түсті, олар ұстап алу жоспарын жариялады. Алматы-Бішкек тас жолында Самсы ауылының маңында жеңіл көлік тоқтатылды. Ішінде бес адам болған, олардың біреуін ұрлап әкетіп бара жатқан.
"Барлық күдікті Жамбыл аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Жәбірленуші оларға қатысты шара қабылдау туралы өтініш жазды. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр", - деді Алматы облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мұхамедияров.
Материал Жамбыл облысының полиция департаментіне берілді.