НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. 2022 жылдың бірінші тоқсанында "Теңізшевройл" компаниясы 7 мың адамды жұмыстан шығармақ. Мұндай шешім болашақ кеңейту жобасының аяқталуымен байланысты қабылданған.
ТШО Атырау облысының әкімдігімен, энергетика мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесе отырып, жұмысшылар қатарын қысқартады. Алайда ТШО қысқартуға ілігетін жұмысшылардың нақты санын атаған жоқ.
"Болашақ кеңейту жобасын іске асыру барысында ТШО жергілікті білікті кадрларды дайындап, халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологияларды үлестіріп, өңір инфрақұрылымын жаңғыртуға атсалысты. Жобаны іске асыру барысында ТШО сұранысқа ие мамандық иелерін дайындау мақсатында 19 мыңнан астам адамды оқыту мен қайта оқытуды қаржыландырды", - деп хабарлады "Теңізшевройл" компаниясындағылар "Ақ Жайық" басылымына.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін БАҚ-та 39 мың жұмысшының қысқартылатыны жайлы ақпарат тарады. 2022 жылдың бірінші тоқсанында 7 мың адам қысқартылмақ.
"Бұл тек болжам ғана. Мәселен, биыл жоспарланған 15 мыңның тек 2 мыңы ғана қысқартылды", - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында 12 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
"Мұнай-химия кешені саласында да инвестициялық жобалар бар. Құрылыс кезінде 20 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", - деді ол.
Энергетика министрлігі не дейді
Қазақстанның энергетика министрлігінде жақында ғана "Теңізшевройл" компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Отырыста Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасын іске асыру мәселесі талқыланды.
Ведомствоның мәліметінше, болашақта кеңейту жобасын жүзеге асыру мұнай өндіру көлемін жылына 12 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жобаны іске асыру барысында жұмысшылардың босатылуына байланысты тұрақты мониторинг қажет екеніне назар аударды. Министрлік қызметкерлерді даярлау мен қайта даярлауды қарастыра отырып, оларға ТШО-ның басқа объектілерінен жұмыс беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Болашақ кеңейту жобасының құны 45,2 миллиард долларды құрайды. Жобаның аяқталуы 2023 жылға жоспарланып отыр. Болжам бойынша жобадағы қазақстандық қамту 36%-ды құрайды.
Теңіз – Атырау облысында орналасқан ірі мұнай кен орны. Ол Қазақстандағы мұнай қоры бойынша (Қашаған кен орнынан кейін) екінші орында тұр. Кен орнынан өндірілетін мұнай көлемі 750 миллионнан 1 миллиард 125 миллион тоннаға дейін бағаланады. Геологиялық қордың болжамды көлемі - 3 миллиард тонна. Ілеспе газдың қоры - 1,8 триллион текше метр.