НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдемнің фельдшері Сая Ақпароваға "Ертіс дарыны-2021" сыйлығы табысталды. Ол боран кезінде науқасты ауруханаға жеткізу үшін екі шақырым бойы көтеріп келген, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Жедел жәрдемге Жетекші кентінен қоңырау түскен. Ауыл тұрғыны инфаркт алып қалды. Дәрігерлер бірден сол үйге аттанды. Бірақ жаңадан салынған үйлерге жақындай алмады. Себебі бораннан кейін қар үйіліп қалған. Содан Сая Ақпарова әріптестерімен бірге қарды омбылап, науқастың үйіне жеткен.
"Ол кісінің үйіне жеттік те, медициналық көмек көрсеттік. Тексеріс кезінеде инфаркт расталды. Сосын өкпесі ісіп кетті. Біз науқасқа алғашқы көмек жасадық. Жағдайы сәл түзелді. Бірақ ауруханаға жатқызу қажет болған. Шанамен апарайық десек, қарға түсіп кете береді. Ол кісінің өз салмағы бар. Оған қоса, өкпені жасанды желдету аппараты болды", – деп еске алды Сая.
Осыдан кейін жедел жәрдем қызметкерлері науқасты зембілмен апаруға бел байлайды. Сөйтіп, сырғанайтын жағын төмен қаратып, науқасты жатқызады да, көлікке апарады. Боран да күшейіп кетті. Бірақ медицина қызметкерлері қиындыққа қарамастан, науқасқа жылы сөз айтып, моральды тұрғыда қолдау жасауға тырысты.
"Таңғы сағат бестің кезінде науқасты ауруханаға жеткіздік. Оған шунттау жасалды. Төрт күннен кейін біз кардиоорталыққа бардық. Қарасақ, біздің науқасымызда үйге жіберіп жатыр екен. Ол бізді көріп таныды. Бәрін еске алып, толқып кетті. Біз болсақ, бас айтып, жүрекке салмақ түсіруге болмайтынын айттық", – дейді фельшер.
Медицина қызметкерлері де ем-дом алды. Екеуіне суық тиген. Ал Сая белін ауыртып алды. Содан ота жасауға тура келді.
"Ондай жағдай қайталанса, тағы баратын едім. Мен бала кезімнен медицинаны жақсы көремін. Адамдарға көмектескім келіп тұрады. Сол себепті қазір жедел жәрдемде жұмыс істеген қатты ұнайды. Біз кей кезде қауіпсіздік техникасы бойынша кіруге болмайтын жерге барамыз. Бірақ ол жерде адам көмек күтіп отырады ғой. Сондықтан ештеңеге қарамай, кіріп кетесің", - деп атап өтті ол.