НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан - Sputnik. Ұлыбритания журналисі Диана Магни Ресей президенті өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Путиннен Ресей Украинаға немесе басқа мемлекетке шабуыл жасамайтынына кепілдік бере аласыз ба деп сұрады.
Владимир Путин қандай да бір кепілдік Ресей мен АҚШ келіссөзі барысына емес, оның нәтижесіне байланысты болатынын айтты.
"Біздің әрекетіміз келіссөз барысына емес, Ресейдің бүгінгі және болашақтағы қауіпсіздігін шүбәсіз қамтамасыз етуге байланысты болады. Осыған байланысты біз НАТО-ның шығысқа қарай одан әрі жылжуына жол жоқ екенін ашық айттық. Мұның несі түсініксіз? "Біз АҚШ шекарасына жақын зымыран қойып жатырмыз ба? Жоқ. Біздің үйімізге зымыранмен жақын келген дәл сол АҚШ-тың өзі. Біз өз үйімізге жақын жерге енді ешқандай соққы жасаушы техника қоймауын айтып, артық талап етіп отырмыз ба? Егер біз Канада мен АҚШ арасындағы шекараға немесе Мексика шекарасына жақын маңға зымыран қойсақ, америкалықтар бұған не дер еді?", - деді Путин.
Ол Мексика мен АҚШ арасындағы территорияға қатысты дауды еске түсірді.
"Калифорния бұрын кімнің иелігінде еді? Техас ше? Ұмытып қалдыңыздар ма? Тарихты жайына қалдырайық. Қазір қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселе туындап отыр. Келіссөз барысы емес, оның нәтижесі маңызды. 90-жылдары бізге "шығысқа қарай бір елі аттамаңдар" деді. Нәтижесі қандай? Бізді алдап соқты: НАТО кеңеюінің бес толқыны жүріп, енді Румыния мен Польшада сәйкес жүйелер пайда болып жатыр. Мәселе мынада – біз ешкімді қорқытып-үркітіп жатқан жоқпыз. Бізге келді де, Украина НАТО-ға кіреді деді. Ендеше ол жақта да әскери базалар мен соққы жасаушы қару-жарақ жүйелері пайда болады. Ал сіздер менен қандай да бір кепілдік талап етіп отырсыздар. Кепілдікті біз емес, сіздер беру керексіздер. Тез арада. Дәл қазір. Мұны ондаған жылға созбақтап жүрудің қажеті жоқ", - деді Путин британ журналисіне.