Қоғам

"Көріксіз қыздарға үйленеді": Алматыдағы шулы дәріске қатысты түсініктеме

Дәріс өткен мектеп директорына сөгіс жарияланды. Дәрігерлердің кінәсін арнайы комиссия тексеріп жатыр
Sputnik
АЛМАТЫ, 23 желтоқсан – Sputnik. Алматыдағы мектеп-гимназиялардың бірінде оқушыларға жігіттердің "еркін әрі жыныстық қарым-қатынаста тәжірибесі бар қыздармен кездесетінін, алайда бай әрі көріксіз қыздарға үйленетіні" туралы презентация көрсеткен.
Лекция туралы БАҚ беттерінде жарияланды.
Журналистер брифинг кезінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының басшыларынан осындай дәрістерді өткізу қаншалықты ойға қонымды екенін сұрады.
Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, дәріс №132 мектепте өткізілді. Ол ведомствоның ерте жүктіліктің алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бар екенін айтты. Емхана қызметкерлері жасөспірімдер арасында семинар өткізген.
"Мұнда мектеп директорының кінәсі бар, ол ақпаратты тексермей, балаларға көрсетуге рұқсат берген. Бұл үшін оған сөгіс жарияланды", - деді Жылқыбаева.
Ал қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысына санитарлық-ағартушылық, оның ішінде жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу үшін жұмыстар жүргізу кіретінін айтты. Дәрігерлер дәріс оқып, әңгіме жүргізуге міндетті.
"Жоғары сыныпта оқитын оқушылармен біздің мамандардың әңгімесін соңына дейін тыңдаған жоқпын. (...) Бұқаралық ақпарат құралдарында дәрігердің этикаға жат мысал келтіргені туралы жазылды. Комиссия өз жұмысын аяқтайды. Егер біздің мамандардың кінәсі расталса, жауап береді", - деді Нариман Табынбаев.
Емхана кешірім сұрады. Жасөспірім қыздар арасында ерте жүктілік мәселесін түсіндірген кезде қате мысал келтірген деп есептеуге болады, деді Табынбаев.
Ол сондай-ақ комиссия шешімін міндетті түрде хабарлайтынын мәлімдеді.
"Кез келген маман бір нәрсе айтқан кезде, әсіресе, жасөспірімдерге қатысты болса, өз тұжырымы үшін жауап беруге тиіс", - дейді Табынбаев.
Басқарма өкілдері жасөспірімдер үшін этика нормаларына сәйкес келетін дәріс өткізілетінін айтты.