НҰР-СҰЛТАН, 22 желтоқсан - Sputnik. Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев Алексей Цойдың ведомстводан кетуіне түсініктеме беруден бас тартты.
"Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын тағайындау, жұмыстан босату туралы шешімді еліміздің жоғары басшылығы қабылдайды. Тиісінше, менің түсініктеме беруім орынсыз. Мен мемлекеттік саяси қызметші ретінде өз өкілеттігім аясындағы міндеттерді орындаймын", - деді Бүркітбаев сәрсенбіде журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтегі жұмыс - "әрқашан жауапты".
"Бұл – ең алдымен, өзіміздің, әріптестердің, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік. Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі рөлі - азаматтардың денсаулығын қорғау. Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы жоспарлы, жүйелі жүргізілуде. Қазіргі уақытта артық дүрлігусіз жоспарлар орындалып жатыр", - деп қорытындылады Бүркітбаев.
Бұған дейін Алексей Цой денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылғаны белгілі болды. Ол елде коронавирус індеті басталғанда - 2020 жылдың маусымында ведомствоны басқарды. Жұмыстан босатылғаннан кейін экс-министр үндеу жасап, азаматтық секторға өтіп, ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамытуға шешім қабылдағанын айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі басшысының міндетін атқарушы болып вице-министр Жандос Бүркітбаев тағайындалды.