АЛМАТЫ, 21 желтоқстан – Sputnik. Орал тұрғыны Надежда Солодовникова билік назарын тұрғын үй жағдайына аударамын деп реанимацияға түсті. Ол өзі және жүз елуге жуық отбасының ескі тұрғын үйге қатысты мәселесін көтерген, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Надежда Солодовникова осы бағытта жұмыс істеген, айтуынша, ол биліктің қысымына тап болды.
"Біздің шенеуніктер кінәлі, себебі олардың қысымына төтеп беру мүмкін емес. Адамдарға меншік құқығын беруі үшін мен өзімді құрбан етемін", - дейді Надежда Солодовникова өзіне қол жұмсауға тырыспас бұрын жазған видео хабарламасында.
Көршілерінің сөзінше, әйелге қысым жасалып, белсенді азаматтың жүйкесін тоздырған.
"Оған қысым жасала бастады. Оның пәтерінің алдында кезекшілікте отырғандар болды. Ол адал әйел болғандықтан, мүлікті қайтару үшін күресті. Оған бұл іске басыңды сұқпа деп ескертті", - деді көршісі Станислав Клыков.
Полиция бұл өз-өзіне қол жұмсау әрекеті екенін растады. ҚК 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ал шенеуніктер апатты үйлердегі барлық пәтер иесін тек жалға берілетін тұрғын үйге орналастыра алатындарын айтты. Биыл 64 отбасы өздерінің апаттық жағдайдағы жылжымайтын мүлкінің орнына жекешелендіру құқығынсыз үйге орналасады.
Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі министрлік пен депутаттарға тұрғын үй қатынастары туралы заңға түзетулер енгізу туралы ұсыныс айтылғанын жеткізді.
"Тұрғын үй қатынастары туралы заңды өзгерту, дәл осы 13-бап бойынша туралы ұсыныс жазылды, бұл бап бойынша ҚР азаматтарына апатты деп танылған тұрғын үйлер жекешелендіру құқығынсыз беріледі. Заңда осылай жазылған, ал біз оған жекешелендіру құқығын қосуды сұраймыз", - дейді Орал қаласы ТКШ бөлімінің тұрғын үй және жекешелендіру секторының меңгерушісі Ерлан Шайхиев.
Алайда осыдан 10 жыл бұрын Надежда Солодовникова мен оның көршілеріне апаттық жағдайдағы үйдің орнына өз баспаналарын беру туралы не үшін айтылғаны белгісіз.
Айта кетері, Оралда апатты жағдайдағы үйлердің 215 тұрғыны тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың көпшілігі мұндай алмасу тиімді емес деп санап, жалдамалы пәтерге көшуден бас тартқан.