ПЕТРОПАВЛ, 20 желтоқсан — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік автокөлікке зақым келтіргендерді іздеу жалғасып жатыр. Қызметтік авто тіркелген департаментте жүргізуші көлікпен ауданға өз еркімен кеткенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
18 желтоқсанда Челябі-Новосібір автожолының 635-ші шақырымында Чистое ауылының маңында мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ Hyundai Accent автокөлігі табылды.
Полицейлер көліктің облыстық білім саласындағы бақылау департаментінде тіркелгенін, оған Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны бекітілгенін анықтады. Дүйсенбі күні желіде қызу пікірталас тудырған бұл оқиғаға Солтүстік Қазақстан облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті түсініктеме берді.
"Көлік жүргізушісі - Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне биыл сәуір айында қабылданды. Бұған дейін Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде, Мамлют ауданының аппаратында жұмыс тәжірибесі болған. Мереке және демалыс күндері және жұмыстан тыс уақытта қызметтік көлік пайдалануға жатпайды. Алайда, осы талаптарды бұзған жүргізуші басшылыққа ескертпей, өз еркімен қызметтік көлікпен Мағжан Жұмабаев ауданына туыстарына барды", - деп түсіндірді департамент басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Сондай-ақ, жүргізуші болған жағдайға түсінік бере отырып, қалаға оралғанда көлік бұзылғанын айтқан. Сондықтан ол мемлекеттік нөмірлерді алып тастап, жол жиегіне қалдырған.
"Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр, кейінірек егжей-тегжейін білеміз. Жұмысқа қабылдау кезінде жүргізушімен мүліктің сақталуына материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалды. Сондықтан тергеу аяқталғаннан кейін көлік жүргізушінің есебінен қалпына келтіріледі", - деп түйіндеді Сұрағанова.
Айта кетері, 2011 жылғы Hyundai Accent қатты зақымдалған. Әлеуметтік желілердегі суреттерде оқ тесіктерінен бөлек көліктің алдыңғы және артқы терезелері, фаралары сынғанын көруге болады, есіктің тұтқалары жоқ.
Сондай-ақ, Sputnik Қазақстанға облыстық полиция департаменті көлікке атқандар әлі табылмағанын хабарлады. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 202-бабының 2-бөлігі ("бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған адамдарды анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.